Басты жаңалықтар

Екпе алып, көлік ұтып алды

15 тамызда «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал» акциясының бірінші кезеңі аяқталды.  Ұтысқа қойылған алғашқы автокөлікті Қарғалы ауданының тұрғыны Артем Чепкий ұтып алған болатын. Жеңімпаз дүйсенбі күні су жаңа «Chevrolet Cobalt» маркалы көлігінің құжаттарын рәсімдеп, ауылына айдап кетті.

Артем Чепкий Қарғалы ауданына қарасты Қосестек ауылында тұрады. Көпбалалы әке вакцинаның екінші компонентін 2 тамыз күні алған. Жеңімпаз алғашында сүйінші хабарға сенбегенін айтады.

— Ұтыс өткеннен кейін маған бірден хабарласа алмапты. Мен жұмыста болдым. Телефоным сөніп жатты. Кейін ұйымдастырушылар қайтадан қоңырау шалып, автокөлік ұтып алғанымды жеткізді. Естіген кезде сенбегенім рас. Ал бүгін көліктің кілтін қолыма алып, ішінде отырмын. Өте қуаныштымын, — деді Артем.

— Вакцина алған кезімде тікелей ұтысқа қатысушы екенімді ескертті. Бірақ мен оған ешқандай мән бермеген болатынмын. Вакцинаны қандай да бір сыйлық алу үшін алғаным жоқ. Өзімнің денсаулығым үшін алдым. Үйде кішкентай балаларым бар. Ал мен сыртта көп жүремін. Түрлі адамдармен кездесемін. Сондықтан отбасымның амандығы үшін вакцина салдырғанмын. Бұл — менің екінші автокөлігім. Бұған дейінгі көлігімді сатып жіберген едім. Енді жаңа көлігімді үйде болған кезімде өзім айдаймын болмаса жұбайым жүргізетін болады. Ол да көлікті жақсы жүргізеді, — деді ол.

Артем ұтып алған  «Chevrolet Cobalt» көлігі 5 590 000 теңге тұрады. Су жаңа автокөлік Қазақстанда құрастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, облыс тұрғындарын вакцина алуға ынталандыру мақсатында «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал» акциясы жүргізілуде. Оған 25 маусым мен 25 қыркүйек аралығында коронавирус індетіне қарсы кез келген екпенің 1-компонентін алған облыс тұрғындарының барлығы қатыса алады. Акцияда 96 бағалы сыйлық және әр кезеңнің басты жүлдесі — «Chevrolet Cobalt» маркалы 2 автокөлік ойнатылуда. Жеңімпаздар жергілікті «Аqto’be» телеарнасында өтетін тікелей эфир кезінде әр жексенбі сайын анықталады. Ұтыс нәтижесін aktobe.gov.kz сайтынан және әлеуметтік желілерден білуге болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button